Жастар Көкшетауға әдейі қашып кеткен
Алматыда із-түзсіз жоғалған бойжеткен Көкшетау қаласынан табылды. Полицейлер оны бір ай бойы іздеген.
Қолда бар мәліметке қарағанда, 12 мамыр күні Алматының Түрксіб аудандық полиция басқармасына 17 жастағы қыздың жоғалғаны туралы хабар түскен. Хабар түсе салысымен тәртіп сақшылары оны қаладан іздеген. Алайда, қызды полиция еш жерден таба алмаған. Сол себептен еліміз бойынша барлық ішкі істер органдарына оның суреті мен деректері таратылды.
8 маусымда Көкшетау қаласының полицейлері жоғалған азаматқа ұқсас қызды көріп, жеке құжатын тексерген. Ол Ақмола облысының орталығында ер адаммен бірге жүрген, – деді тәртіп сақшылары.
Қалалық полиция басқармасы бірден Алматыдағы ата-анасына хабарласқан. Жауап алу кезінде қыз бен жігіт Көкшетау қаласына әдейі қашып кеткенін айтты.
Полицияның хабарлауынша, жастар үйден алыс жерде бірге тұруға келіскен. Кәмелет жасқа толмаған қыз туыстарына тапсырылды.