Берік Әбдіғалиұлы Ұлттық музей директорының міндетін атқарады

Халық үні

Оны музей ұжымына Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы Айзада Құрманова таныстырды

фото: exclusive.kz

Берік Әбдіғалиұлы ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін уақытша атқарушы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Halyq Uni Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы Айзада Құрманова музейге арнайы барып, ұжымға Берік Әбдіғалиұлын таныстырды.

Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше күн бұрын Ұлытау облысының әкімі лауазымын атқарған Берік Әбдіғалиұлын қызметінен босатқан болатын.

Берік Әбдіғалиұлы 1971 жылы туған. Білімі жоғары. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «Тарих және қоғамтану оқытушысы» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Әр жылдары Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында қызмет етті.

  • 2010-2013 жылдары Ұлытау ауданының әкімі, Жезқазған қаласының әкімі, Арқалық қаласының әкімі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары;
  • 2016 жылы Қорғаныс министрлігінің Қарулы күштері әскери-тарихи музейінің бас ғылыми қызметкері;
  • 2017-2019 жылдары Ұлттық музейдің «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі;
  • 2019-2021 жылдары Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі.
  • 2021-2022 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты;
  • 2022-2024 жылдары Ұлытау облысының әкімі лауазымын атқарған.