ІІМ дактилоскопиялық және геномдық тіркеу ережесін бекітті
Құжат 10 қазанда күшіне енді
Ішкі істер министрі Қазақстанда дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізудің кейбір мәселелері туралы құжатқа қол қойды. Оның ішінде дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу қағидалары мен верификациялау рәсімінен өту қағидалары бекітілген, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұл құжат дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізу, ақпаратты жинау, өңдеу және қорғау, биологиялық материалды алуға, сақтауға, пайдалануға, жоюға, адамның жеке басын анықтауға немесе растауға уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметін ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
Дактилоскопиялық тіркеуді жүзеге асыруға қатыса алады:
- ішкі істер органдары;
- сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;
- Қазақстан Республикасының шет елдерде орналасқан дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктері, сондай-ақ консулдық мекемелері
- көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган;
- ұлттық қауіпсіздік органдары.
Геномдық тіркеуді жүзеге асыруға қатысады:
- анықтау, тергеу органдары;
- сот сараптамасы органдары;
- лицензия негізінде сот-сараптамалық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар;
- қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелері;
- пробация қызметі;
- Ішкі істер министрлігінің жедел-криминалистикалық бөлімшесі.
Ішкі істер органдарының көші-қон қызметі дактилоскопиялық ақпарат жинайды:
- Өз келісімімен азаматтың жеке куәлігін және паспортын алғаш алу үшін, сондай-ақ оларды қалпына келтіру не ауыстыру үшін;
- 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалардың ҚР паспортын алуы үшін;
- Қазақстанда уақытша немесе тұрақты тұруға рұқсат алу үшін жүгінген шетелдіктің Қазақстанда тұруға ықтиярхатын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, босқын куәлігін, жол жүру құжатын алғаш ресімдеген, сондай-ақ қалпына келтірген, ауыстырған жағдайларда 16 жасқа толған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың ақпаратын жинайды.
Дактилоскопиялық ақпаратты жинау адамның екі қолының 10 саусағының және екі қолы алақанының биометриялық деректерді дактилоскопиялау арқылы алып, дербес деректердің ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтиды.
Жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеген кезде Қазақстан азаматының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың «ЖБС» ААЖ-дағы дактилоскопиялық ақпараты тізіміне кіреді:
- тегін, атын, әкесінің атын;
- туған күні мен жерін;
- жынысын;
- ұлттық тиесілігін (қалауы бойынша);
- азаматтығын;
- қолдарының он саусағының папиллярлық бедерлері құрылымының ерекшеліктері туралы ақпаратты;
- жеке басты куәландыратын құжаттың нөмірін, берілген күнін, қолданылу мерзімін;
- құжатты берген органның атауын;
- жеке сәйкестендіру нөмірін (бар болса);
- дактилоскопиялық тіркеу жүргізілген күн мен негізін қамтиды.
Құжат 10 қазанда күшіне енді.