×

Sax Invest қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы ұсталды

Пирамидаға шамамен 9 млрд теңге тартылған

 Дәурен Ерболат 11.10.2024 | 10:21
Фото: Halyq Uni

Астанада Sax Invest қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қаржылық мониторинг агенттігі елордада Sax Invest қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша бір топ адамды тергеп-тексеріп жатыр.

Компания өзін инвестициялық қор ретінде таныстырған. Бірақ уәде етілген дивидентті (ай сайын 2-3%-дан) қатысушыларға жаңа салымшылардан қаражат тарту арқылы ғана төленген.

Азаматтарға брокерлік қызмет көрсету, бағалы қағаздар нарығындағы сауда және Ангола Республикасында (Африка) алмаз өндіру жобасына инвестициялау бойынша қызметтерді орындаймыз деп сендірген. Осылайша, қазақстандықтардың қаржысын жобаға тартқан.

Sax Invest ресми сайтында тіркелу және жеке кабинетке кіру үшін жоба клиентінен сілтеме алу қажет, яғни жобаға кіру шақыру-сілтеме арқылы ғана жүргізілген.

Бонустар жаңа салымшылар тартылған жағдайда өскен. Кейіннен оларды компания жүйесі ішінде басқа тұлғаға аудару арқылы қолма-қол ақшаға айналдыруға болатынын айтқан.

Салымшылардың барлық ақшасы компанияның банктік шотына емес, ұйымдастырушының жеке банк картасына аударылған.

2018 жылғы қаңтардан бастап 2022 жылға дейін компанияның айналымы 18 млн долларға (шамамен 9 млрд теңге) жетіп, салымшылардың саны 3 мың адамнан асқан. Бүгінде Sax Invest қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларының бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деп жазылған ҚМА таратқан хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде қаржы пирамидаларының қызметін ұйымдастырғаны және жарнамалағаны үшін 35 адамның мүлкі тәркіленіп, 2 жылдан 6 жылға дейін сотталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама