Биыл ауданда 480 тонна жабайы қарасора жойылды
Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров жұмыс сапарымен Шу ауданына барды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бас прокурор Берік Асыловтың құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Нұрғалым Әбдіров аудандағы құқық қорғау органдарының жұмысын тексерді.
Прокуратураның ұсынысы бойынша «Шу – қауіпсіз аудан» бағдарламасы әзірленген. Ол мәслихат депутаттары тарапынан қабылданған. Облыс прокурорының қатысуымен өткен жиында бағдарламаның іске асырылуына ерекше назар аударылды.
Мысалы, биыл 9 айыда ауданда қылмыс деңгейі 13,3%-ға (оның ішінде ауыр қылмыстар 31,1%-ға, жеңіл қылмыстар 33,3%-ға) төмендеді, пробация есебінде тұрған азаматтардың 96%-ы жұмысқа орналастырылды.
Сондай-ақ Шуда «Сергек» камераларын орнату басталды. Оларды көшедегі 147 бейнебақылау камерасымен интеграциялау жүргізіліп жатыр.
Облыс прокуроры аудандағы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы арнайы бөлімшесінің жұмысына теріс баға берді.
Сондай-ақ Нұрғалым Әбдіров кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстардың жеткіліксіз екенін, балалар арасында суицидті насихаттайтын теріс контентті анықтау бойынша жұмысты күшейту керегін атап өтті.
Сонымен қатар облыс прокуроры есірткі қылмысы жиі тіркелетін ауылға да барды.
Тасөткел ауылдық округінде жабайы қарасора өседі. Сондықтан мұнда жыл сайын есірткі қылмысы жиі тіркеледі. Осыған байланысты Нұрғалым Әбдіров елдімекендегі тұрғындармен кездеді. Олар жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының жабайы каннабисті жою жөніндегі жұмысын қолдады», - деп жазылған облыс прокуратурасы таратқан хабарламада.
Айта кетейік, биыл прокуратураның үйлестіруімен ауданда 480 тонна жабайы қарасора жойылды.