Олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар
Кеше түнде Астанада 200-ден аса оқушының қатысуымен жаппай төбелес болды. Полиция қызметкерлері тәртіп бұзушыларды түгел ұстады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Түнде Астананың Оңтүстік-Шығыс ауданында 200-ден аса оқушы қатысқан жаппай төбелес болды. Куәгерлердің айтуынша, жанжал қызға байланысты басталған. Жасөспірімдер ауданды бөлісіп, төбелесу үшін кездесу ұйымдастырған. Алдымен бір топ 6-7 жасөспірімге шабуыл жасады, бірақ оларға төтеп беру үшін одан да үлкен топ жиналды, - делінген хабарламада.
Одан кейін бүгін желіде тараған видеода қолына пышақ ұстаған бір бала «Пышақтаймыз бүгін. Пышақтаймыз!» деп күлген. Оның қасындағы жасөспірімдер балағат сөздер айтып жүр. Ал келесі бір видеодан жерде қимылсыз жатқан баланы бірнеше қарсыласының жабылып кепкілеп жатқанын көруге болады.
Кеше түнде Астанада №86, 51 мектеп оқушылары және студенттердің қатысуымен ауыр тәртіпсіздік болды. Біздің дереккөздің хабарлауынша, Чугунка және Қордай учаскелеріне жиналған 200-ден аса жасөспірім көше кезіп, өзге жасөспірімдерге шабуыл жасап, соққыға жыққан. Олардың кейбіреулері ашық түрде пышақ ұстаған. 2005 жылы туған жасөспірім бастаған топ құрбандарынан қай ауданнан екендерін сұраған. Егер біреу «Оңтүстік-Шығыс» деп жауап берсе, оны бірден ұрып-соғады. Жасөспірімдер көше бойымен «рейд» жасап, «Жерұйық» саябағына қарай бет алды. Бұл оқиға тәртіпті қалпына келтіру және одан әрі жанжалдардың алдын алу үшін құқық қорғау органдарының шұғыл араласуын талап етеді, – делінген «Астана Сергек» Instagram парақшасындағы видео сипаттамасында.
Ал Астана қаласы полиция департаментінің хабарлауынша, «102» арнасына үйдің ауласына жастардың жиналғаны туралы хабарлама түскен. Дереу тәртіп бұзушылар полиция бөліміне жеткізілді.
Патрульдік полиция полкінің оқиға орнына уақтылы келуі жасөспірімдердің бұзақылық әрекеттерінің алдын алды. Олар жағдайды анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді. Жастарды жинаудың мақсаты бір-бірімен қарым-қатынасты нақтылау болған. Олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Қазір осы факті бойынша барлық қатысушы, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінде.