«Заң кімнің жағында?»: депутат Талғардағы жасөспірімнің өлімі туралы
Сәрсенғалиев «Құқық негіздері» пәні сапасына қатысты сын көп екенін айтты
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысы бар күдіктілер заң алдында жауап беру керегін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал Бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ерлан Сәденовке, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа жолданды.
Кейінгі уақытта қоғамда жасөспірімдердің бір-бірін аяусыз соққыға жығуы, қорлауы, ең сорақысы арты өлімге апаратын қайғылы жайттар жиілеп кетті. Сондықтан «Біздің қоғам қайда бара жатыр?» деген сұрақтың көпшіліктің көкейінде көлкіп тұруы заңды.
Талғардағы тексіздердің тентектігінен 16 жастағы бала, бір әулеттің азаматы Шерзат көз жұмды. Әкесі мен бауыры соққыға жығылды. Мұнда баланың ажалына не себеп деген сұрақ туады. Сондағысы бір бөтелке алкоголь, - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Оның пікірінше, жергілікті полицияның сылбырт әрекет етуі салдарынан өңірдегі жағдай ушыққан.
«Осындайда біздің қоғам қауіпсіз бе, заң кімнің жағында деген сұрақ туады. Себебі, Шерзаттың әкесі тергеудің тұралап тұрғанын, аудандағы құзырлы орын өкілдерінің істі созбаққа салып жатқанын, қылмыскерді қойып баласынан айырылған отбасын түнде тергеуге шақырып алып өктем сөйлегенін айтып бейнеүндеу жасады. Ел өре түрегелді, кейін «Істі ІІМ-і өз бақылауына алды» деген ақпарат тарады. Қоғамды қорқытатыны осы, қылмыскерді жазалау үшін, әділдікке жету үшін бейнеүндеу жасап әр істі бір министрдің бақылауға алғанын күтіп отыру керек пе? Неге жергілікті жердегі құқық қорғау орындары дереу істің ақ-қарасын анықтап, әділ тергеу өткізбейді?», - деді депутат.
Нартай Сәрсенғалиев мұндай жағдайда полиция шұғыл әрекет ету керегін атап өтті. Егер бұлай болмаса, жапа шеккен отбасының мүшелері ашуға бой алдырып, қылмыскерді өздері жазалуы мүмкін деп санайды.
Осыған байланысы ол құзырлы органдар мен министрлікке 16 жастағы баланы өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуге тиіс екенін айтты.
Бұл іс бойынша барлық құқық қорғау органы тізе қосып, оқиғаның заңды құқықтық бағасын тез арада беруі қажет. Білім беру ұйымдарында «Құқық негіздері» атты пән бар. Бірақ оның сапасына қатысты сын көп. Аталған пәннің бағдарламасын қайта жасап, балалар өмірде бетпе-бет келетін жайттар мен өмірден алынған нақты кейстерге сүйеніп оқыту керек, - деді депутат.