Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты жалған ақпарат тарап жатыр – полиция

Дәурен Ерболат

Қайғылы оқиға салдарынан 16 жастағы бала көз жұмған

Видеодан скриншот

Алматы облысы Талғар ауданында қайғылы оқиға болған жерден бейнебақылау камералары жазбасы өшірілді деген жалған ақпарат тарап жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыстық полиция мәліметінше, БАҚ пен әлеуметтік желіде қайғылы оқиға тіркелген жерден бейнебақылау камералары жазбасы өшірілді деген жалған ақпарат тарады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында барлық қолда бар бейнежазбаларды полиция тәркілеп, қылмыстық іс материалдарына заттай дәлел ретінде тіркеді. Қазір тергеу барысында барлық бейнежазба зерттеліп, оқиғаға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі, - деп жазылған хабарламада.

Полиция қазақстандықтарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырады және жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Бұған дейін Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысы бар деген күдікпен 7 адам ұсталғаны хабарланды

Барлық кінәлі адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынып, арнайы жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Барлық жиналған дәлел, соның ішінде бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерделенуде. Қазір 7 адамның қылмыс жасауға қатысы бары анықталды, - деді Алматы облысы полиция бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров.