Түркістан облысында полицейлер 51 шетелдікті елден шығарды
Олар кеурек өсімдігін қазумен айналысқан
Түркістан облысы Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Қарақоңыр ауылдық округіне қарасты далалық алқаптарда кеурек өсімдігін жинап жүрген 51 шетел азаматын ұстады.
Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Олардың 31-і Өзбекстан, 17-сі Тәжікстан Республикасының азаматтары болып шықты. Тәртіп сақшылары шетел азаматтарын дереу полиция бөліміне жеткізіп, оларды ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша елімізден шығарды.
Түркістан облысының полицейлері құқықбұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары мен оларға жұмыс берушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, бұл бағыттағы тексеру жұмыстары ары қарай жалғасатын болады.
Қазіргі кезде Түркістан облысының полицейлері заңсыз көші-қонды алдын-алу мен соны ұйымдастырушыларды анықтау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Облыс аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды анықтау жалғасып жатыр.