Тоқаев қанды оқиғадан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айту үшін Алматыға барды
Ақпаратты Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли растады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына барды. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің мәлімдеуінше, Мемлекет басшысы Алматыда өткен жедел штаб отырысына қатысты. Сондай-ақ қаза тапқан полиция қызметкерлері, әскери қызметшілердің туыстары мен жақындарымен кездесіп, көңіл айтып, наградалар табыс етті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жедел басқару орталығына барды. Жедел жәрдемде жатқан зардап шеккендерге барып, жағдайын сұрады, – деді Берік Уәли.
Атап өтсек, 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы Қазақстанның басқа қалаларында да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты.
Осы жағдайға байланысты барлық өңірде төтенше жағдай режимі енгізіліп, президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Мемлекет басшысы «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.
6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі бойынша мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Сол күні осы қылмысты жасау күдігімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен басқа тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.