Сот жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар жоқ деп тапты
Шымкентте азаматтық некедегі әйеліне қол көтерген азамат 100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылатын болды, деп хабарлайды Halyq Uni қалалық соттың ресми сайтына сілтеме жасап.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Қ.-ға қатысты қылмыстық іс аяқталды. Сотталушы ҚР ҚК-нің 108-1-бабы 1-бөлігі («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») бойынша айыпталған.
Қ. азаматтық некедегі зайыбы Э.-мен жанжалдасу кезінде оң қолының шынтағымен ұрып, мойнынан қылқындырып, оның денсаулығына жеңіл зиян келтірген, - делінген сот хабарламасында.
Сотталушының кінәсі өзінің, жәбірленушінің жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен, сараптамалардың қорытындыларымен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденген. Прокурор сотталушыға 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші сотталушыға кешірім бермейтінін айтып, шешімді соттың қарауына қалдырды. Ал сотталушы кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның өзінің кінәсін толық мойындап, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін ескеріп, жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар жоқ деп тапты, - делінген хабарламада.
Сот Қ.-ны ҚР ҚК-нің 108-1-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді.