Қорғаныс министрлігі әскерге бармағандарды күштеп алып кетуді құптайды
Мұндай жағдайлар халық ойлағандай көп болмайды
Қарулы Күштер бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбеков қазақстандықтарды әскерге көшеден алып кетіп жатыр деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Фархат Айдарбеков мұндай әрекеттердің көктемгі шақыру кезінде болғанын мойындады. Ал күзгі әскерге шақыру науқанында мұндай шаралар қолданылмаған.
Мәселенің оңтайлы шешімін таптық. Қазір әкімдердің идеология жөніндегі орынбасарлары жастарды тәрбиелеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Сондай-ақ алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдерімен де тығыз әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Сонымен қатар, әскери ардагерлердің үгіт-насихат жұмыстарының арқасында қазір мұндай жағдайларға жол берілмейді, – деді Фархат Айдарбеков.
Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин жастарды әскерге көшеден алып кетіп жатқан жағдайлардың БАҚ бетіне жиі шығатынын айтты. Алайда мұндай жағдайлар халық ойлағандай көп болмайды.
Егер біз 40 мың адамды әскерге шақыртсақ, бір-екі рет қана жастарды көшеден алып кеткен болар. Ішкі істер органдары әскерге келмегендерге іздеу салады. Бұл жағдайда полицияның әрекеті заңды. Азаматтар неге өздері келмейді? Мұның әртүрлі себебі бар. Мысалы, ол бір жерде тіркеліп, бірақ басқа қалада болуы мүмкін, – деді Руслан Жангулин.