×

Шымкентте салмағы 6,5 келі сәби дүниеге келді (ВИДЕО)

Бұл – Альмира Жандарбекованың алтыншы жүктілігі

 Халық үні 08.10.2024 | 21:38
фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкентте салмағы 6 келіден асатын алып сәби дүниеге келді, деп хабарлайды Halyq Uni қала әкімдігінің Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап.

Шымкент тұрғыны Альмира Жандарбекова 3 қазанда №2 қалалық аурухананың перзентхана бөліміне түскен. Дәрігерлер келіншекті бақылауға алып, перзентханада толғағы келгенін күткен.

Ақ халаттылар Альмираны табиғи жолмен босандырып алған. 4 қазанда сағат 13:50-де салмағы 6 келі 500 грамм, бойы 63 см сәби дүниеге келді. Бұл – Альмира Жандарбекованың алтыншы жүктілігі. Алып сәбиге туыстары Тәуекел деген есім берген.

Дәрігерлердің айтуынша, қазір ана мен баланың өміріне төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ, жағдайлары жақсы.

Еске сала кетсек, биыл сәуірде Шығыс Қазақстан облысында салмағы 6 келі 180 грамм болатын алып нәресте туған еді. Сондай-ақ Түркістан облысында салмағы 5 келіден асатын алып балалардың дүниеге келуі жиілеген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама