ШҚО-да оқушы қыздар бір бойжеткенді ұрып-соғып, ақша бопсалаған (ВИДЕО)
Үш қыз «Ұрмаңдаршы, өтінемін» деп жалынған жәбірленушіні тізерлетіп отырғызып қойды
Әлеуметтік желіге Шығыс Қазақстан облысында жасөспірім қыздар арасында түсірілген видео тарады. Одан оқушы қыздың басқа қыздардан тізерлеп кешірім сұрап отырғанын көруге болады. Ал видеоны түсірген 3 қыз темекі шегіп, жәбірленушіні балағаттап, ұрып, қоқан-лоққы көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Олардың бірі – бокс үйірмесіне қатысып жүрген қыз жәбірленушіні жақтан бірнеше рет ұрған. Оларға шарасыз оқушы «ұрмаңдаршы, өтінемін» деп жалынған. Алайда 3 қыз оны тізерлетіп отырғызып қойып, 10 мың теңге ақша бопсалаған. Сондай-ақ оның құрбысына да келесі күні 10 мың теңге алып келуге «сәлем айтып» жіберді.
Ертең екеуің 10 мың теңгеден 20 мың теңге қосыңдар. 20 мың теңге Kaspi-де тұратын болсын, – дейді темекі шегіп тұрғындардың бірі.
Жергілікті полиция болған жағдайға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.
Жанжалға қатысы барлардың бәрі анықталды. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер ата-аналарымен полицияға жеткізілді. Сондай-ақ барлық құқық бұзушылардың ата-анасының немесе заңды өкілдерінің жауапкершілігі қарастырылады. Әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясына жолдауға материал дайындалып жатыр, – деп мәлімдеді полиция.