×

Павлодарда шақыртумен келген полиция қызметкерін екі адам соққыға жыққан

Екеуіне де бас бостандығынан айыру жазасы кесілді

 Халық үні 08.10.2024 | 19:27
фото: Halyq Uni

Павлодарда пәтерлердің бірінде учаскелік полиция қызметкеріне жұдырық жұмсалды. Ол бұрыш баллонын қолданып босап шыққан, деп хабарлайды Halyq Uni.

Павлодар қаласы №2 сотының үкімінде полицияны ұлының үстінен шағымданған әйелдің шақырғаны айтылған. Ол баласының ашуланып тұрғанын айтқан. Пәтерге кіргеннен кейін учаскелік полиция қызметкері қала тұрғынына сұрақтар қоя бастайды. Сол кезде бөлмеден үйдің қонағы шығып, одан кетуін талап еткен. Содан кейін ол полицейдің жағасына жармасып, жұдырықтай жөнелген. Бірнеше минуттан кейін оған әйелдің ұлы келіп қосылған.

Екі жақтан ұстап алып, өздеріне қарай тарта бастады. Екеуі бір уақытта беттен, дене мен желкеден соққы жасады. Ұрып-соғу кезінде біреуі екіншісіне «Ұр оны, ұр!» деді. Олардан босау үшін күртешені шештім. Өзіммен алып шыққан бұрыш баллоны бар еді, соны екеуі тұрған жаққа шаша бастадым. Содан кейін пәтерден қашып шықтым. 102-ге хабарласып, жағдайды баяндадым, - делінген учаскелік инспектор берген түсініктемеде.

Сонымен қатар, төбелес кезінде оның күртесінің қалтасынан қызметтік куәлігі түсіп қалған. Оның ішінде жеке куәлігі де болған.

Артынша шабуыл жасағандар ұсталды. Қылмыстық кодекстің 380-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы («Бір топ адамның билік өкіліне күш қолдануы») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Үкімде павлодарлықтардың өз кінәсін мойындамағаны айтылған. Алайда жиналған айғақтарды ескере отырып, олар жазасын алды. Полиция қызметкерін шақыртқан әйелдің ұлына 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын өтеу орнында ол алкогольден туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстарынан мәжбүрлі түрде емделеді.

Ал досы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол бұрын бірнеше рет сотталған, зорлаушы және қарақшы ретінде полицияда есепте тұрған.

Күш қолданды деген айыппен қоса, ер адам Қылмыстық кодекстің 384-бабы 2-бөлігі («Құжаттарды заңсыз алып қою») бойынша да кінәлі деп танылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама