Шетелдік дәрігерлердің кітабы қазақ тіліне аударылды
Елімізде 40 мыңнан аса адамға шизофрения диагнозы қойылған
Шетелдік дәрігерлердің The Сandid book for families of people living with schizophrenia атты кітабы қазақ тіліне аударылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Кітаптың авторлары – психотерапевтер мен психиатрлар Питер Фалькай, Янош Кальман, Фидес София Хеймкес, Золтан Сарканы.
Шығарманың қазақша атауы – «Шизофренияның жалпы күйі». Ол ауыр дертке шалдыққан науқастардың жақын адамдарына арналған.
Кітаптың тұсауы Дүниежүзілік менталдық саулық күні қарсаңында Niettes алаңында кесілді. Онда жақын адамға қалай көмектесу керегі, күтімнің эмоционалдық және физикалық қиындығы, ішкі дайындық, жауапкершілік және өз рөліңді қабылдау жайлы кеңестер берілген.
Кітаптың электронды нұсқасын psy-health.kz сайтынан да оқуға болады.
Gedeon Richter Kazakhstan компаниясының өкілі Динара Бірмағанбетова жаңа сайттың маңызын түсіндірді.
Шизофренияға қатысты миф пен жалған ақпарат жиі тарайды. Биыл мамыр айында біз сауалнама жүргіздік. Осылайша, бұл ауруға қатысты қазақ тіліндегі ақпарат аз екенін білдік. Нәтижесінде сенімді ақпарат көзі ретінде psy-health.kz-ті ашуды жөн көрдік. Бұл ресурс пен қазақ тіліне аударылған кітап қоғамдағы шизофрения туралы түсінікті өзгертуге, мифті жоюға, ауруды тереңірек түсінуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз, - деді ол.
Бұған дейін қазақстандықтардың 45%-ы шизофренияға шалдыққандар қоғамға қауіпті деп есептейтіні хабарланған еді.