Ақтөбеде зауыт жұмысшылары ереуілге шықты
Зауыт басшысы әңгімені «жағдайға келіспейтіндер болса, жұмыстан шықсын» деп қысқа қайырған
Ақтөбе хром қосындылары зауытының 100-ге жуық жұмысшысы жалақыларын көтеруді талап етіп ереуілге шықты, деп хабарлайды Halyq Uni Азаттық Радиосына сілтеме жасап.
Зауыт жұмысшыларының айтуынша, соңғы екі айда өндіріс көлемі азайып, жалақы төмендеп кеткен. Сондай-ақ зауыт Ресейден шикізат келмей қалуына байланысты бес күннен бері жұмыс істемей тұрған көрінеді.
Өзім 2019 жылдан бастап 3-цехта слесарь болып істеймін. Қыркүйек айы үшін әрі кетсе 150 мың теңге төлегелі отыр. Яғни, тұрақты тарифке небәрі 20 пайыз сыйақы қосылған. Хром қосындыларын шығаруға қажет соданың болмауына біз кінәлі емеспіз. Бұл – алдын-ала қор жасап қоймаған зауыт басшыларының кінәсі. Сондықтан сыйақымыз азаймауға тиіс, – дейді наразы жұмысшылардың бірі Жанұзақ Мәден.
Жұмысшылардың айтуынша, жалақы екі бөліктен – алғашқысы тұрақты жалақы, екінші бөлігі үстіне қосылатын сыйақыдан тұрады екен. Сыйақы мөлшері өндіріс пен сауда көлеміне байланысты тағайындалады. Қазір жалақы 140-150 мың теңге шамасында.
Сыйақы айлықтың 80-100 пайызына жеткен кездері болған. Ол кезде тәп-тәуір жалақы алатынбыз. Қазір 20 пайыз ғана қосып жүр. Бұл – тым аз. Оның өзін қиып тастайды, – дейді зауыт жұмысшысы Мадияр Сағидолла.
Ал Ақтөбе хром қосындылары зауытының басқарма төрағасы Алексей Химич өндірістегі қиындықтарға қарамастан жұмысшыларға жалақы төленіп отырғанын алға тартып отыр. Зауыт басшысы әңгімені «жағдайға келіспейтіндер болса, жұмыстан шықсын» деп қысқа қайырған.
Наразылыққа жиылған жұмысшылар қысы-жазы бір аяқкиіммен жүретініне, арнайы киім жылына бір рет берілетініне де наразы. Олар зауыт асханасындағы астың да сапасына разы емес.
Осылайша, жұмысшылар мен зауыт басшылығы мәмілеге келе алмаған. Ақтөбе хром қосындылары зауыты басқарма төрағасының орынбасары Радий Фахрединов жұмысшылардың талабын басшы құраммен талқылайтынын атап өтті.