Қарағанды облысында әйел көршілеріне тапаншамен қоқан-лоққы жасаған
Полиция оның ұсақ бұзақылық екенін айтқан
Қарағанды маңындағы Ақтас ауылында ерлі-зайыптылар көршілерімен жанжалдасқан соң мәселені пневматикалық қарудың көмегімен шешпек болған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Көршісімен болған жағдай туралы Фарида Амамуратова есімді тұрғын Instagram-дағы парақшасына жазған. Айтуынша, 6 қазанда оған және отбасына көрші тұратын ерлі-зайыпты шабуыл жасаған.
Біз жолдасым және балаларымызбен үйде отырып, кіреберістегі айғай-шуды естідік. Есігіміздің алдында екі ер адам төбелесіп жатты. Олардың бірін мен танимын, ол – біздің көршіміз, бұрын сотталған азамат. Күйеуім шығып, оларға есігімізді сындырып жатқанын, балалар қорқатынын айтып, тоқтатпақ болды. Олардың масаң күйде екенін көргеннен кейін күйеуімді үйге кіргізіп алдым. Артынша терезеден қарасам, олар аулада төбелесіп, біздің көлігімізге құлап жатыр екен. Жолдасым мүлкімізді қорғауға шықты, артынан мен де бардым. Олар бізге шабуылдай бастады. Күйеуіммен төбелесіп кетті, мен оларды ажыратпақ болдым. Ал сотталған азаматтың әйелі күйеуімнің басына тапанша тақап, «өлтіремін» деді, ал мені тұншықтырды, - дейді Фарида Амамуратова.
Келіншек аталған көршісінің үй тұрғындарын 5-7 жыл бойы қорқытып жүргенін айтады. Ол осыған дейін балаларға да тиіскен көрінеді.
Ол үнемі балаларға тиіседі, ішеді, шешініп алып, барлық аулаға айғайлайды. Мұндайларды есепке қоймай ма? Салдарынан біз дене жарақаттарын алдық, балалардың психикасы бұзылды. Полиция мұның ұсақ бұзақылық екенін айтты. Бұлай тапаншамен жүріп, қоқан-лоққы көрсетуге бола ма? Полицейлер тобы келді, оларға да атыла жөнелді, - дейді тұрғын.
Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі аталған жайтқа қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, дене жарақаттарын салу және денсаулыққа зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Пневматикалық қару алынып, криминалистік зерттеуге жіберілді. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Одан бөлек, құқық қорғау органы қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты олардың заңды өкіміне немесе талабына бағынбағаны, заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген ресми хабарламада.