Ақтауда қыздар «банда» құрып, өздерінен кішілерге күш көрсеткен (ВИДЕО)

Халық үні

Олар ұрып-соғу сәтін видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге салады

фото: Halyq Uni

Ақтауда кәмелетке толмаған қыздар буллинг жасау сәттерін видеоға түсіріп, өз қылмыстарын өздері әшкере еткен, деп хабарлайды Halyq Uni.

Lada.kz редакциясына бір қыздың екіншісін ұрып-соғып жатқан видеосы жіберілген. Видео жанында аудио жазба да бар. Онда ата-ананың бірі 19-21 жас аралығындағы қыздардың топтасып «банда» құрғаны, өз айналасына жасөспірімдерді жинап жатқаны айтылады. Олар қит етсе, кіші қыздарды ұрып-соғып, қысым көрсетіп, қорқытып-үркітетін көрінеді.

Менің қызым ақымақтығы кесірінен олардың қолына түсіп қалған. Олар сауда орталықтарында жүрген қыздармен танысып, әдемі екенін айтып, достық ұсынады. Осылайша, өз орталарына тартады. Қалай олармен сөйлесе бастайды, солай олардың тұзағына түседі, содан кейін манипуляцияға ұшырайды. Олар қыздарды қорқытады, ұрады. Ұрып-соғу сәтін камераға түсіріп, әлеуметтік желілерге салады, – деді қыздардың бірінің анасы.

Осындай видеолардың бірінен жасөспірімнің басынан аямай ұрған қызды көруге болады.