×

Ақтөбеде аудан әкімі жерлестеріне 300 мың теңгеге мал бақтыра алмай отыр

Жұмыс істеуге ниеті де құлқы да жоқ

 Дастан Жұмабекұлы 13.06.2022 | 10:20
коллаж: Halyq Uni

Ақтөбе облысы Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров жұмыссыз адамдарға 300 мың теңгеге мал бақтыра алмай отырғанын айтты.

Ол Nur.kz-ке берген сұхбатында ауыл азаматтарының төрт түлікті мотоциклмен де баққығысы келмейтінін айтқан.

Ауданда 725 адам баспана кезегінде тұр. 300-ден аса аз қамтылған отбасы бар. Оның 100-ден астамы әлеуметтік көмек алады. Ал тіркеуде тұрған жұмыссыздар саны 700-ге жуық адам болса да, айына 300 мың теңге жалақы беретін малшы болуға арланатындар көп. Малшыға айына 300 мың теңге төлейтін шаруашылықтар бар. Қазір малды мотоциклмен бағады. Тұрақты жұмыс іздеп келген ауылдастарыма сол жерден жұмыс ұсынсам «Мені мазақ қылып отырсыз ба? Малшылықты сұрап келіп тұрмыз ба?», - деп ренжиді. Азаматтар шаруашылықтағы бос тұрған жұмыстарға баруға ынталы емес, - деді ол.  

Сонымен бірге ауданда жұмыссыздық мәселесінің шешіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мұнай компанияларына бос жұмыс орнына жергілікті жердің адамдарын алу туралы мәселе қойылды. Сегіз ірі компаниямен меморандум жасалды. Биыл алты адам әр жерге жұмысқа орналасты.

Аудан әкімі ауылдарға әлі күнге дейін су кірмей, газ тартылмағанын жасырмады. Ол қазір жыл сайын бір елді мекеннің орталық көшелеріне жол салу мәселесі қолға алынып жатқанын, аудандағы мұнай компанияларымен бизнестің әлеуметтік-серіктестік жауапкершілігі аясында меморандумға қол қою басталғанын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама