Іс сотта қаралды
Маңғыстау облысында кәсіпкердің өнімін сөреге қоюдан негізсіз бас тартқан гипермаркет қожайыны жауапқа тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жылдың басында бөдене жұмыртқасын өндіретін маңғыстаулық кәсіпкер гипермаркетке тауарын сауда сөресіне орналастыру үшін баға ұсынысын жолдаған. Алайда гипермаркет менеджері тауарды сөреге қоюдан негізсіз бас тартқан.
Өңірлік департамент мамандары кәсіпкердің шағымы негізінде Dina гипермаркетіне жоспардан тыс тексеріс ашып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 201-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы хаттама толтырды.
Гипермаркет әкімшілігі бұл шешіммен келіспей, Ақтау қалалық сотына шағымданған. Алғашында қалалық сот істі гипермаркет әкімшілігінің пайдасына шешіп, өңірлік сауда департаментінің қаулысының күшін жойған. Алайда Ақтау қаласының прокуроры Ерболат Әбдіров сот шешіміне келіспей, жоғары инстанцияға шағымданды.
Прокурор тауарды жеткізу шартын жасасудан жалтарып, істі қасақана созған сауда субъектісінің әрекетінде құқық бұзушылық құрамы бар деп тапты. Биыл 1 қазанда облыстық сот DinaMarket ЖШС әрекетін заңсыз деп таныды.
Сот гипермаркет иесін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 201-бабы бойынша жауапқа тартып, 100 АЕК (369 200 теңге) көлемінде айыппұл салды, - деп жазылған Сауда комитеті таратқан ақпаратта.
Өңірлік сауда департаментінің басшысы Рауан Мұханов азық-түліктің 85%-ы сырттан келетін өңірде отандық өндірушілерді қолдаудың маңызын атап өтті.
Сондай-ақ ол ережеге сай сауда сөрелерінің кемінде 30%-ына отандық өнім өндірушілердің тауарын орналастыру қажет екенін еске салды.