Елордада 500 млн-ға жуық теңге жымқырған қылмыстық топтың мүшелері сотталды

Дәурен Ерболат

Олар жалған шот-фактуралар толтырған

 

Фото: Halyq Uni

Нұр-Сұлтанда мемлекетке аса ірі көлемде зиян келтірген қылмыстық топқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.

Агенттіктің елордалық департаменті 2020-2021 жылдар аралығында экономикалық ауыр қылмыс жасаған қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі.

«Сотталушы Виталий Хан басқарған қылмыстық топ өз клиенттерін бюджетке салық төлеуден босату үшін бақылаудағы 7 заңды тұлғаның контрагенттеріне жалған шот-фактуралар жазып берген. Олардың әрекетінен мемлекетке аса ірі көлемде яғни 490 миллионнан аса теңгеге зиян келген», - деп жазылған хабарламада.

Сот басты айыпталушы Виталий Ханды нақты мерзімге 4 жылға бас бостандығынан айырса, заңсыз ақша жинаумен айналысқан 2 адамды шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

«3 айыпталушыға да ұзақ мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметтерді, оның ішінде шот-фактураларды беруге байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды», - деп жазылған хабарламада.

Төленбеген салықтар камералдық бақылау және салықтық тексеру аясында барлық контрагенттен өндіріп алынады.