Тасқын қосқан көршілер ұйымшылдықпен дауыс берді
БҚО тұрғындары референдумға отбасымен барып жатыр
Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар референдумда дауыс берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Осыдан бірнеше ай бұрын үйінен айырылып, қиын жағдайға тап болған облыс тұрғындары бүгінде жаңа үйлеріне қоныстанды. Оралдағы Зачаганск кентінде орналасқан көпқабатты үйде негізінен тасқыннан зардап шеккен тұрғындар тұрады. Олар кенттегі Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінде орналасқан учаскеде дауыс берді. Топан су көрші қылған ағайын осы күні баспананы емес, ел тағдырына қатысты мәселелерге алаңдайды. Сондықтан бір атаның балаларындай бірігіп, дауыс беру учаскесіне барды.
Көктемде үй қайдан аламыз деп алаңдап жүрген едік. Үкіметтің, президенттің тікелей қадағалауының, облыс басшылығының уақтылы атқарған тиісті жұмысының арқасында үйлі болдық. Енді елдің мәселесіне араласар уақыт келді. Отбасымызбен, тасқын татуластырған көрші-қолаңымызбен бірге дауыс беруге келдік. Пікіріміз әрқилы болса да даусымыз маңызды екені қуантады, – деді Серік Есенгелдиев.
Көктемгі тасқын қала тұрғыны Анна Сидоровичті де айналып өтпеді. Саяжайда орналасқан жалғыз баспанасынан айырылғанда Аннаның алғашында қатты алаңдаған. Жақында оған қала аумағынан су жаңа баспана берілді. Тұрғын №23 жалпы орта білім беретін мектепте орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді.
Бүгінгі АЭС салу туралы референдумның маңызы жоғары. Бұл мәселе кез келген тұрғынды алаңдатуға тиіс деп есептеймін. Себебі, жарықсыз мына өмірді елестету мүмкін емес, – деді қала тұрғыны.