Halyq Uni логотип
×

Алматыдан 7 мұғалім халықаралық тағылымдамаға аттанады

Үздік мамандар марапатталды

 Қымбат Елтайқызы 05.10.2024 | 16:03
Алматыдан 7 мұғалім халықаралық тағылымдамаға аттанады
фото: Алматы әкімдігі

Алматыда Ұстаздар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Кәсіби мерекені атап өтуге педагогикалық еңбек ардагерлері, мұғалімдер және ұстаздар әулеттерінің өкілдері жиналды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Республика сарайында Алматы әкімі Ерболат Досаев салтанатты іс-шараның басты қонақтарын құттықтап, жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен еңбегі үшін ризашылығын білдірді. Алматыда 24,1 мың педагог жұмыс істейді, оның 20 725-і мемлекеттік мектептерде, 3 375-і жеке меншік мектептерде.

Сіздердің жұмыстарыңыз – күн сайын таңғажайып табыстар пен шабытқа толы оқиғалар жасайтын өнер. Сіздер балаларымыздың әлеуетін ашып, білім мен мүмкіндіктер әлеміне есік ашасыздар. Осы тамаша күні сіздердің болашақ ұрпаққа деген шыдамдылықтарыңыз, даналықтарыңыз және шынайы қамқорлықтарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Шәкірттеріңіздің жетістіктеріне қуанып жүруді, дендеріңізге саулық, істеріңізге сәттілік тілеймін!, – деді Ерболат Досаев.

Қала басшысының айтуынша, әкімдік мұғалім мәртебесін арттыруға бағытталған бастамаларды қолдау және дамыту жұмыстары жалғастырып жатыр. 2022 жылы басталған біліктілікті арттыру бағдарламасы аясында биыл 440 педагог оқудан өтеді. Жыл соңына дейін 40 басшы мен әдіскер Малайзия, Қытай, Германия және Польшадағы жетекші білім беру ұйымдарында тағылымдамадан өтеді.

Сондай-ақ, «Алматы мектептері» бағдарламасы аясында 70 мұғалім Marshall Cavendish сертификатталған бағдарламалары бойынша білім алып жатыр. Бұл бағдарламалар функционалдық сауаттылықты, цифрлық құзіреттіліктер мен дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.

Инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр: биыл 300 педагог біліктілігін арттырды. Тағы 50 мұғалім Оңтүстік Кореяда халықаралық тағылымдамадан өтеді.

Іс-шара барысында қала басшысы «Алматы ұстазы» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Байқауға 2 мың адам қатысқан, бұл рекордтық көрсеткіш. Жеңімпаздар қатарында 7 педагог бар: №173 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі Ернұр Бейсембаев, №140 мектеп-гимназияның информатика пәні мұғалімі Еркеназ Баймұрат, №92 мамандандырылған лицейдің химия пәні мұғалімі Суннатулла Қауымбаев, №178 мамандандырылған лицейдің биология пәні мұғалімі Айдана Айдарова, №159 гимназияның математика пәні мұғалімі Әзизхан Өміралханов, №70 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Анастасия Благодатская және №12 мамандандырылған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Дулат Сұлтанбек.

Жеңімпаздар шетелдік тағылымдамадан өтуге сертификат алды. Сонымен қатар, бас жүлде иегері Ернұр Бейсембаев 5 миллион теңге көлемінде сертификатпен марапатталды.

Іс-шара барысында «Үздік білім беру ұйымы» байқауының нәтижесі де жарияланды. Алмалы ауданындағы №15 гимназия ең жоғары ұпай жинады. Алматы әкімі мектеп директорына оқу үдерісінің материалдық-техникалық базасы мен ғылыми-әдістемелік қамтылуын жақсарту үшін 68 миллион теңге көлемінде грант табыстады.

Бұған қоса, 15 педагог-ардагер түрлі наградаға ие болды: 5 адам «Білім беру ісінің ардагері» медалімен, 5 педагог «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, тағы 5 адам «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Тағы 9 адам білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін Алматы әкімі атынан алғыс хат алды.

Мерекелік атмосфера опера сахнасының жұлдыздары мен танымал эстрада әртістерінің қойылымдарымен ажарлана түсті. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов «Толық адам, ой толғау, хакім Абай» монооперасынан үзінді орындады. Сондай-ақ, танымал эстрада әншілері Балуан Беркенов, Асқар Күлшәріпов, Анжела мен Евгений Шагаров дуэті, Әйгерім Шәріпбек, Аяжан Қуаншалиева, Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы, Rise шоу-балеті және Mezzo вокалдық тобы өнер көрсетті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама