Бұл дерекке қатысты құзырлы орган тексерісті бастады
Павлодардағы № 5512 әскери бөлімінде келісімшартпен қызмет атқарған 32 жастағы аға сержант Айбек Тұрсымбаев қайтыс болды. Бұл ақпаратты Ұлттық ұланның баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
12 маусымда сағат 19.15 шамасында Павлодардағы № 5512 әскери бөлімінде келісімшартпен қызмет еткен әскери қызметші қайтыс болды. Айбек Тұрсымбаев көліктің дөңгелегін үрлеп жатқанда ол жарылып, ауыр жарақат салдарынан қайтыс болды. Осы оқиғаға байланысты тергеу жүргізіліп жатыр, – деді Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы Бағдат Амангелді.
Сондай-ақ Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі әскери қызметші көлікті жөндеп жатқанда жарылыс болғанын хабарлады.
«Әріптестерінің айтуынша, 1990 жылы туған ер адам «КамАЗ» көлігінің дөңлегін үрлеп жатқанда жарылыс болған. Салдарынан әскери қызметші көз жұмды», - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, Павлодардағы әскери қызметшінің өліміне қатысты ақпаратты бірінші болып Telegram-дағы Abzhan News арнасы хабарлаған. Сарбаздың туысы әскери қызметші еңбек демалысында жүргенде оны №5512 әскери бөлімнің басшылығы жұмысқа шақырып алғанын айтқан.