Порталдың есігін жабу үшін ақбоз атты құрбандыққа шалдық, - дейді көріпкел
Желіде ақбоз атты құрбандыққа шалған азаматтардың әрекеті көптің талқысына түсті. Олар өздерін «биміз» деп, өз араларында билер алқасын құрып алған. Бұл туралы «Астарлы ақиқат» бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Билер» облыс-облыс болып бөлініп, жаңа бірлестік құрған. Айтуларынша, олар қоғам арасында мәселелерді сотқа жеткізбей шешеді-міс. Асатаяқ ұстаған Ермек Албанды Омар Жәлелдің орнына «бас би» деп сайлаған.
Екі адам сайлауға түсті. Ал сайлауға әр облыстан 5 адамнан келді. Басымдықпен Ермек Албан жеңіп шықты. Әр облыста би болады. Оның бәрі Ермек Албанға бағынады, – деді ұраншы Бақытжан Жасұзақұлы.
Өзін ұраншы деп атайтын ол бұл идея өзіне 7-8 жыл бұрын келгенін алға тартты. Айтуынша, ол осы сәтті түсінде көріп, соны өңіне айналдырғысы келген. Ол билер алқасын ұйымдастырып, WhatsАpp желісінде чаттарда халықтың жазғанын тексеріп отырады екен.
Алайда бұл бірлестік ресми тіркелмеген, мемлекеттік ұйым немесе қоғамдық қор деп саналмайды.
Жыл сайын бас би жиында есеп береді. Мен жұрттың мәселесін шешуім үшін 10 сағат әлеуметтік желіде отырамын. Кейде адам өлтіргендердің және тағы басқалардың проблемасы болады. Соны шу шығармай, WhatsАpp арқылы шешсе болады. Арамызда медиаторлар бар, – дейді Ермек Албан.
Бас бидің жанына көріпкелдер жиналған екен. Ақбоз атты құрбандыққа шалуды көріпкелдердің бірі Болат Бұралқыұлы айтқан.
Порталдың есігін жабу үшін ақбоз атты құрбандыққа шалдық. Бұл – жамандық болмасын деген ырым. Бұл сәтті ғасырлар бойы күтті. Ата-бабамыз күнәлары үшін кешірім сұрай алмайды. Ал біз осы арқылы олар үшін кешірім сұрауымыз қажет, – дейді ол.
Билер бұл қызметі үшін ақы алмайды, ешкімге жалақы берілмейді. Керісінше, шығындарды өз қалталарынан шығаратынын мәлімдеді.
Біз қазақ үшін бірігіп жатырмыз. Мен құрылтайды ұйымдастыру үшін 2 миллион теңге жұмсадым. Ал құрбандық шалуға 700 мыңым кетті. Мәскеуге барып келуге 2 күнге миллион теңге кетті, – дейді Ермек Албан.
Ол Райымбек ауданына барып, сол өңірден шыққан әлем чемпиондарын жинапты. Онда инвестиция тарту, туризм және жол салу мәселесі талқыланған.
Бұл билер алқасының «ақылдасу алқасы» да бар екен. Бірақ жарғы жоқ.
Ал ресми тіркелген «Қазақ билер алқасы» қоғамдық бірлестіктің төрағасы Арман Амантайұлы Ермек Албан бастаған топтың шаманизмге қарай ауып кеткенін айтады.
Алғашында бәріміз бірге бастадық. Бірақ олар ауытқып, шаманизмге қарай бет бұрды. Алғашында ескерту бердік, кейін сөгіс жарияланды, одан соң шығаруға мәжбүр болдық. Кезінде Ермек Алматы бойынша төраға болды. Содан кейін мөрді қайтару керек еді, бірақ оны әлі қолданып жүр екен, – деді Арман Амантайұлы.
Оның айтуынша, «Қазақ билер алқасы» Әділет министрлігінде 2023 жылы мамырда тіркелген.