Есірткі қылмысы азаймай тұр
Ақмола облысында тұратын 57 жастағы шетелдік 4 келіден астам марихуана мен каннабис тұқымдас өсімдіктерді сақтағаны үшін құрықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, 2024 жылғы тамыздың соңында «Қарасора – 2024» ЖПІШ өткізу шеңберінде жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Целиноград ауданының 57 жастағы тұрғыны қолға түсті. Оның үйін тінту барысында канабис тұқымдас өсімдігі бар 6 қорап табылып, тәркіленді, гараж бен қорада соған ұқсас өсімдігі бар тағы үш қап табылды. Сонымен қатар гараж бен қорада қабырға бойымен осы өсімдіктің бұталары ілулі болды.
Алынған заттардың жалпы салмағы 4,5 келіден асты, оның ішінде 2 келіден астам кептірілген марихуана және 1 келі 708 гр кептірілген қарасора бар. Ұсталған адамның айтуынша, ол есірткіні жеке пайдалану үшін сақтаған, – делінген ақпаратта.
Ер адамға қатысты ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігі (ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Ұсталған адамға 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр.