Түркістан облысында шәкірті 42 елден шақырту алған ұстазға әкім көлік сыйлады

Халық үні

10 мұғалім «Ы. Алтынсарин» төсбелгісін, 20 педагог «Құрмет грамотасын» алды

фото: Түркістан облысының әкімдігі

Түркістанда Мұғалемдер күні мерекесіне арналған салтанатты іс-шарада облыс әкімі Дархан Сатыбалды республикалық, облыстық олимпиада және спорт жарыстарының жеңімпаздарын дайындаған 30 мұғалімге өз атынан марапат ұсынып, арнайы сыйлықтар табыстады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оның ішінде 10 мұғалім «Ы. Алтынсарин» төсбелгісін, 20 педагог «Құрмет грамотасын» алып, 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақымен ынталандырылды.

Шәкірті 42 елдің оқу орындарынан шақырту алған «Түркістан Білім-инновация» лицейінің география пәні мұғалімі Бастами Арғын Ержанұлына облыстың атын елімізден бөлек, әлемге танытқан ерен еңбегі үшін көлік кілтін табыстады. Оның шәкірті Ислам Әбдірахманов қазір АҚШ-та оқып жатыр.

Бұдан бөлек, оқушылары республикалық олимпиаданың жеңімпаздары болған, өзі іскер, белсенді, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері – Төлеби ауданы Қосан Мамытов атындағы мектебінің биология пәні мұғалімі, 6 баланың анасы Нұрилла Баймаханқызына ноутбук тарту етілді.