Қазақстандықтар таңғы сағат 7:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін дауыс бере алады
Қазақстанда Атом электр станциясын қатысты референдум басталды. 12 миллионнан аса азамат елде АЭС салу-салмауға қатысты дауыс бере алады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Референдумда қанша учаске құрылды
Референдумдағы учаске саны – 10 327. Азаматтардың тіркелген жері бойынша сайлау учаскесі – 9 709, уақытша – 618. Оның ішінде 78 сайлау учаскесі (63 елде) шетелде болады. Сайлау комиссиялары мүшелерінің саны – 70 049 адам.
6 қазан – референдум өтетін күні дауыс беру сағат таңғы сағат 7:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жүргізіледі. Дауыс берушілерге ыңғайлы болу үшін аумақтық референдум комиссиялары өзге уақытты белгілеуі мүмкін.
Ал бюллетеньде «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» және дауыс берушінің жауап нұсқалары «Иә, келісімен», «Жоқ, келіспеймін» деп жазылған.
12 сағаттың ішінде дауыс саналады. Өңірлерге Орталық референдум комиссиясына дауыс беру қорытындысының жиынтық хаттамасын жинауға және жеткізуге 2 күн беріледі.
Орталық комиссия 7 күн ішінде референдумның қорытындысын анықтап, ресми хабарламаны БАҚ-та жариялауға тиіс.
Шетелде 12 мың адам дауыс береді
Референдумға шетелдегі 12 мыңнан аса қазақстандық дауыс бере алады.
Қазақстан азаматтары шетелде дауыс беруі үшін қажет жағдай жасалды. Біз міндетімізді толық орындадық. Дауыс беретін азаматтардың тізімі жасалды. Олардың жалпы саны – 12 485 адам. Сыртқы істер министрлігіне 12 611 бюллетень бөлінді. Қазақстанның 59 елдегі мекемесінде 74 учаскелік комиссия құрылды, - деді елші Орталық референдум комиссиясы отырысында СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Нәдірқұлова.
Айта кетейік, Таяу Шығыста жағдайдың ушығуына байланысты референдум учаскесі ашылмайды.
Қазір Израиль, Ливан мен Ирандағы қазақстандық дипломаттар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Мұнда референдум учаскелері уақытша ашылмайды. Жалпы дауыс беруге құқығы бар азаматтардың саны: Израильде – 53 адам, Иранда – 132 адам, Ливанда – 43 азамат. Жалпы 228 азамат бар.
Бұл елдерде тұрып жатқан қазақстандықтарға тұрып жатқан жерінен шықпау ұсынылды.
Өз учаскемді қалай анықтаймын?
Қай жерде дауыс беретініңізді білу үшін арнайы сайт іске қосылған – referendum.gov.kz. Сайтқа кіріп, қай қалада, өңірде тұратыныңызды таңдаңыз. Содан кейін ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) жазу арқылы учаске мекенжайы мен нөмірін біле аласыз.
Заң бұзғандар жауапқа тартылады
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев референдум кезінде учаскелік комиссиялардың мүшелеріне ерекше жауапкершілік жүктелетінін еске салды. Сондай-ақ қазақстандықтарға ескерту жасады.
Заңға сәйкес, келесі әрекеттер үшін жаза қарастырылған: азаматтарға басқа адамдар үшін дауыс беруге мүмкіндік беру мақсатында бюллетеньдерді беру, азаматтардың сайлаушы құқығымен танысуын бұзу немесе дауыстарды санау басталғаннан кейін оларға өзгерістер енгізу, референдумның қорытындысы жайлы іс әрекеттерге әкімшілік жауапкершілік көзделген, - деді Жандос Өмірәлиев.
Сонымен қатар кейбір әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Бұл қатарға референдумға қатысу құқығына немесе комиссия жұмысына кедергі келтіру, референдум құжаттарын бұрмалау және дауысты дұрыс есептемеу әрекеті жатады.
Айта кетейік, референдумға байланысты полиция күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
Қоғамдық көлік тегін болады
Референдум өтетін күні Астана және Шымкентте қоғамдық көлік тегін қызмет көрсетеді.
Бұл азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін істеліп отыр.
Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметінше, 6 қазанда қала тұрғындары қоғамдық көлікте тегін жүреді. Нақтырақ айтқанда, мыңға тарта қоғамдық көлік 80 бағытта жолаушы тасымалдаумен айналысады.
Елордада CTS ақпаратына сәйкес, 6 қазанда қала және қала маңы бағытындағы қоғамдық көліктерде жол жүру тегін болады.
Қоғамдық көлік сағат 06:00-ден 23:00-ге дейін жүреді.
7 қазанда қоғамдық көлік штаттық режимде жұмыс істейді.