×

Жабайы қабан атып алған аңшыдан 1,2 млн теңге өндірілді

Ол өз әрекетін өмірін қорғап қалғысы келгендімен түсіндірді

 Динара Амантай 04.10.2024 | 14:03
Фото: Halyq Uni

Шығыс Қазақстан облысында жабайы қабанды заңсыз атып алған аңшыға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сотта анықталғандай, ер адам үйрек пен борсық аулауға рұқсат құжаттарын пайдаланып, 2023 жылы жабайы қабанның біреуін заңсыз атып алған. Мемлекетке келтірілген залал көлемі – 1 млн 293 мың 750 теңге.

Айыпталушы бұталардан жабайы қабан атып шығып, оған қарай жүгірген кезде өз өмірін қорғап қалу үшін жануардың басына бір рет оқ атқанын айтып ақталды. Кейін ол қабанның етін бұзып, етті дорбасына салып алған. Ол осы жағдай туралы полицияға немесе аңшылық қоғамға хабарламағанын қорыққандығымен әрі қобалжуымен түсіндірді.

Сотта көрсетілген бейнежазбадан айыпталушы мен тағы бір ер адам атыс қаруы мен аңшылық иттерді пайдаланып, жабайы қабандарды аңдып, аулап жатқаны анықталды. Аңшы бұл жазбаны өзі түсіргенін және жабайы қабанды атқан кездегі оқиғаларға тікелей қатысы бар екенін растады.

Сот уәкілетті мемлекеттік органның талап арызы заңды және негізді түрде расталды деген қорытындыға келіп, талап арызды толық көлемде қанағаттандырды, – делінген сот хабарламасында.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама