Теміржол бойында мал жайған 2 мыңнан астам қазақстандық жауапқа тартылды
Локомотивпен соқтығысқанда бір уақытта 10-нан аса мал өліп кетеді
Жыл басынан бері теміржол бойында мал жайғаны үшін 2 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, пойыздарды шұғыл тежеудің 1684 фактісі тіркелген, оның ішінде 262 факті теміржол бойында адамдардың болуына байланысты болса, 1284-і малдың кесірінен тіркелген.
Осы жылдың 9 айында көлік полицейлері теміржолда мал жайғаны үшін 2106 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Жыл сайын мың басқа дейін сиыр, жылқы, қой және тағы басқа мал пойыз астына түседі. Локомотивпен соқтығысқанда бір уақытта 10-нан астам мал өлетін жағдайлар кездеседі, – делінген полиция хабарламасында.
30 қыркүйекте Жаңажол-Смирново айналымында Алматы-Петропавл жолаушылар пойызының машинисі теміржол бойында малдың болуына байланысты шұғыл тежелуге мәжбүр болған, алайда соқтығыстың алдын алу мүмкін болмады. Пойыз 14 минутқа тоқтап тұрған.
Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері тексеру барысында теміржол белдеуінде мал жаю ережесін бұзған мал иесін анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ол Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының 45 жастағы тұрғыны болып шықты, – делінген хабарламада.