Шетелде жасалған ұшақ пен тікұшақ сатып алуға қанша қаржы бөлінді?

Айгерім Таубай

Ресей мен Чехияда шығарылған 11 техника сатып алынады

Көрнекі фото: Қорғаныс министрлігі

Елдің республикалық бюджетінен төтенше жағдай министрлігіне 7 тікұшақ пен 4 ұшақ сатып алуға 170 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл туралы министрлік Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов сапалы арнайы автокөліктер мен инженерлік техникалар, жүзу құралдары, ұшақтар мен тікұшақтар сатып алынатынын айтты.

Министр айтқан тікұшақтар Ресейден сатып алынады. 7 тікұшаққа лизинг қаржыландыру бойынша республикалық бюджет есебінен 140 млрд астам теңге бөлінді.

Ал сатып алынатын К-32 тікұшағы Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында болады. МИ-8 тікұшағы Алматы, Семей, Өскеменде кезекшілікте тұрады.

Сондай-ақ Чехияда шығарылған 4 ұшақты сатып алуға 30 млрд астам теңге жұмсалады.

L-410 ұшағы оңтүстік, солтүстік, шығыс және батыс принципі бойынша Астана, Алматы, Өскемен, Атырау қалаларында қызмет көрсетеді деп жоспарланған.

Қажет болған жағдайда бұл ұшақтар мен тікұшақтар басқа өңірлердегі төтенше жағдайдың алдын алуға жұмылдырылады, – деп мәлімдеді министрлік.

Ұшақ және тікұшақты сатып алу бойынша қазір мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп жатыр.