Аталған дерекке қатысы бар 36 жастағы ер адам ұсталды
Алматыда ірі есірткі зертханасы жойылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, есірткі зертханасы Әуезов ауданының жеке секторында орналасқан. Кеше кешке криминалдық полиция және есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы іс-шара жүргізді.
Аталған дерекке қатысы бар 36 жастағы ер адам ұсталды. Жылыжай ретінде пайдаланылған үйден 270 түп қарасора, 3 бөшке иісі бар сұйықтық, 3 қап тыңайтқыш, 17 қышқыл ерітіндісі, тамақ таразысы, 23 жарықтандыру шамы және тағы басқа зертханалық құрал-жабдықтар табылды. Күдікті қылмысын мойындады. Аталған дерек бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасының қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады, – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Талант Исаев.
Спикердің айтуынша, заттай айғақтар тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына қосылды.
Сонымен қатар есірткіні өндіруге қатысы болуы мүмкін басқа да адамдарды, сондай-ақ оны тарату арнасын анықтау бойынша жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр.