Қала тұрғыны көмекке жүгінген
ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары суицид жасамақ болған қызды құтқарып қалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, оқиға кеше кешкі сағат 22:00 шамасында болған. Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің жасағынан қала тұрғыны көмекке жүгінген. Оның айтуынша, жас қыз көпірден Есіл өзеніне секіріп кеткен. Әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Нариман Мырзахметов, патрульші сарбаздар Дамир Мұқашев және Давид Корсуновпен оқиға орнына жедел жетіп, бірден қызды құтқара бастады.
Қала көшелерінің тыныштығын қадағалау кезінде бізге бейтаныс адам келіп, қыз баланың суға батып бара жатқанын айтты. Біз дереу оны құтқаруға кірістік. Рация арқылы осы оқиға туралы патрульдік топ бастығына хабарладық та, бойжеткенді судан шығаруға тырыстық. Ол жағаға жақын қашықтықта болғандықтан, еңкейіп, оның қолынан ұстай алдым, ал әріптестерім оны жағаға шығаруға көмектесті. Содан кейін біз қызды жылы көрпе, бушлатқа орап, жедел жәрдем келгенге дейін оған алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Кез келген уақытта көмек көрсетуге дайын болу — бұл біздің міндетіміз, – деді әскери жасақ бастығы қатардағы Мырзахметов.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілері үйлесімді және кәсіби іс-қимылдары арқасында адам өмірін сақтап қалды.