Бұл – маусымнан бергі көрсеткіш
Жайық-Каспий бассейнінде 116 миллионнан астам балық құтқарылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың көктемінде Жайық-Каспий бассейнінің су қоймаларында су деңгейі жоғары болды. Тасқын кезінде өзендер тасып, сумен бірге жайылым аймағына уылдырық шашып болған балықтар мен олардың шабақтары көшіп кетті.
Жайық-Каспий өзендерінің облысаралық бассейндік инспекциясы Жайық өзенінің негізгі арнасындағы су деңгейі төмендегеннен кейін пайда болған шығанақтардан балықтар және олардың шабақтары өту үшін каналдар қазу арқылы балық шаруашылығын жақсарту шараларын ұйымдастырды, – деп қосты ведомство.
2024 жылғы маусымның басынан бері бөлініп қалған су қоймаларынан 116 миллионнан астам балық әрі олардың шабақтары құтқарылды. Оның ішінде Атырау облысында 91 миллионнан астам, Батыс Қазақстан облысында 25,3 миллион. Орташа салмағы 12-14 грамм болатын сазан, алабұға, шортан, қарабалық шабақтары құтқарылып, кейіннен Жайық пен Қиғаш өзендеріне тірідей жіберілді.
Жайық-Каспий бассейнінің су қоймаларынан балық шабақтарын құтқару жұмыстары жалғасып, тұрақты бақылауда тұр.