Еуроодақ TikTok, YouTube, Snapchat желілеріне қатысты тергеуді бастады
15 қарашаға дейін тиісті құжаттарды ұсынбаса немесе жалған ақпарат берсе, айыппұл салынады
TikTok, YouTube және Snapchat желілеріне қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды Halyq Uni Euronews-ке сілтеме жасап.
Еуропалық одақ өз азаматтарына жалған жаңалықтар мен өзіне зиян келтіруді насихаттайтын контенттердің ұсынылуына байланысты әлеуметтік желілерге тергеу бастады.
Енді TikTok, YouTube және Snapchat желілері Еуропалық комиссияның видеоларды ұсыну алгоритмдерінің қалай жұмыс істейтіні туралы сұрақтарына жауап беруі керек.
Одақтың цифрлық қызметтер туралы заңы (DSA) бойынша жүргізілген тергеу адамдарға неліктен сайлауға қатысты жалған жаңалықтарды немесе депрессия мен нашақорлықты дәріптейтін контент ұсынылатынын түсінуге бағытталған, – делінген ресми хабарламада.
Комиссия видеоларды автоматты ойнату және шексіз айналдыру сияқты мүмкіндіктердің әсерін, зиянды контенттің таралуын болдырмау үшін платформалар қандай сақтық шараларын қолданатынын зерттемек.
15 қарашаға дейін тиісті құжаттарды ұсынбаған немесе жалған ақпарат берген желілерге Еуроодақ заңы бойынша айыппұл салынады.