Ұлттық ұлан қызметкерлері қарттарға құрмет көрсетті
Оларға үнемі қолдау көрсетіледі
Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында Қарттар күні салтанатты түрде атап өтілді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Өскемен қаласындағы №5518 әскери бөлімінде мерекеге орай шағын концерт ұйымдастырылды. Оған 90 жастағы ардагер Иван Гагарин қатысып, сарбаздарға ақыл-кеңесін берді.
Біз үшін сіздің өмірлік тәжірбеңіз бен кеңесіңіз әрқашан маңызды. Себебі, сіз ел тыныштығын күзетіп, аянбай еңбек еттіңіз. Талай сарбазды тәрбиеледіңіз. Мерекеңіз құтты болсын! Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін, - деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Арман Жұмағалиев.
№5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Елдар Шынкеев отставкадағы подполковниктің өмірімен таныс болғанын, мұндай кеш жастар үшін маңызды екенін жеткізді.
Бүгінгі іс-шараның сарбаздарға берері мол. Ардагердің мазмұнды әңгімесін тыңдап, ақ батасын алдық, - деді сарбаз.
Сондай-ақ қаладағы №3477 әскери бөлімінің қызметкерлері 102 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Анастасия Светочевамен кездесіп, мерекемен құттықтады. Ол бүгінге дейін тамақ пісіріп, бау-бақшада көкөніс өсіретінін айтты. Әскери бөлім командирі ардагерге сыйлық табыстап, оған ізгі тілегін айтты.
Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің үйіне келіп, жағдайын сұрап тұрамыз, байланысымыз үзілген емес. Қарттар – асыл қазынамыз. Әскери қызметшілер оларға әрдайым көмектесіп тұрады, - деді №3477 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Аңсар Шакенов.
Айта кетейік, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында 1047 әскери ардагер бар.