×

Әйел тапқан табысын төркініне берсе, оны күйеуіне айтуға міндетті емес – имам

 Қанат Атаманов 13.06.2022 | 00:30
Фото: ашық дереккөздерден

Отбасында ерлі-зайыптылардың табысы ортақ болуы міндетті ме? Еркектің әйелінің табысына қол салуы дұрыс па? Ал әйел өз табысының белгілі бір бөлігін төркініне берсе, күйеуіне айтуы шарт па? Бұл туралы шариғат не дейді?

Имам Нұрлан Байжігітұлының ойынша, еркек отбасының асыраушысы, әйелінің қамқоршысы болуы шарт. Аяқ-қолы сау, бойында күш-қуаты бар еркек әйелдің қолына, яғни табысына қарамауы керек.

Әйел қыз кезінде ата-анасының, бауырларының, ал тұрмысқа шыққан соң күйеуінің қамқорлығында болады. Ер азамат қалай ма, қаламай ма немесе ұнай ма, ұнамай ма, еркек әйелін, отбасын бағуға міндетті. Тек ер адам ауру болып, жұмыс істеуге денсаулығы жарамай, отбасын асырай алмайтындай халде болса, әйелдің табысына қарайды. Әрине, ондайдан Алла бәрімізді аман сақтасын, - деді Нұрлан қажы Байжігітұлы.

Ал егер де отбасында әйелі де, ері де жұмыс істесе, әйел тапқан табысын қайда жұмсап отырғанын күйеуіне айтуға міндетті емес. Имамның ойынша, әйелдің тапқаны қалтада, ал еркектің тапқаны ортада. Алайда, бұл әйелдердің өзім білермендікке салынып, өркөкіректік танытуына бола береді деген сөз емес.

«Қазір тоқу, түрлі тәттілерді пісіру дегендер бар ғой. Үйде отырып, іші пысып, осыларды үйреніп табыс тауып отырған көптеген әйел бар. Әйел табыс тапса, оны қайда жұмсайды, кімге береді, ол – өз шаруасы. Еркектің ол ақшаға билік жүргізбегені дұрыс. Бірақ әйел адам ортадағы түсіністік, сенімділік үшін күйеуіне «мен осыншама табыс таптым, соны төркініме берсем немесе мына затты алуға жұмсасам» деп ерін ақпараттандырып отырса, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген құрметі артады», — деді ол.

Өкінішке қарай, бүгінде әйелімен жағаласқан еркек көп деп отыр. Әйел күйеуіне білдірмей төркініне ақша берсе, еркек әйелінен жасырып тоқалына ақша береді. Осындай жайттардан кейін отбасы шырқының бұзылу қаупі жоғары.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама