Бұл іс-шараға жүздеген адам қатысады
Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді қолдау мақсатында елордада «Жұлдызай» республикалық ұлттық инклюзивті ойындары өтеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жергілікті әкімдік мәліметінше, іс-шара 3 қазан күні сағат 11:00-де Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында салтанатты түрде ашылады.
Аталмыш ойындарға 10-16 жастағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер қатысады. Олар жеңіл атлетика, голбол, мини-футбол, үстел теннисі, ұлттық ойын түрлері: бес тас, асық ату және тоғыз құмалақ сияқты спорттың жеті түрінен сайысады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар саны 700-ден астам: 500-ден астам бала бар, сол сияқты жаттықтырушылар мен ата-аналар бар, – деп қосты ведомство.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның негізгі міндеті – балалардың спортқа деген қызығушылығын ояту, салауатты өмір салтын ұстануға, олардың спорттық әлеуетін дамытуға және физикалық, интеллектуалдық шектеулерге қарамастан жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ықпал ету. Сонымен қатар, ойындар мүмкіндігі шектеулі балалардың алдында тұрған мәселелерге қоғамның назарын аударады.
Биылғы ойындардың өтуіне МСМ Спорт және дене шынықтыру комитетімен қатар, Ұлттық паралимпиада комитеті, «Жұлдызай және К» Қоғамдық қоры, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы да атсалысып отыр.
Бұл жыл сайынғы спартакиада алғаш рет 2022 жылы «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындары ретінде жаңа форматта ұйымдастырылды. 2024 жылдың сәуір-маусымында республиканың барлық өңірінде төрешілер командасы мүшелерінің қатысуымен бірінші іріктеу туры өтті. Енді «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындарының екінші кезеңі осы жылдың 3-5 қазан арасында Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек cарайында, Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде, Sairan Arena спорт клубында және Паралимпиада жаттығу орталығында өткізіледі, – деп толықтырды әкімдік.
Ойындар жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімін аталған ұйымдарда Паралимпиада чемпиондарының және ресми тұлғалардың қатысуымен ұйымдастыру жоспарланып отыр.