Бас прокуратура есірткі тасымалдауға байланысты жағдайлар жиі кездесетінін мәлімдеді
Қазір қылмыс жасап сотталған 900 қазақстандық жазасын шетелде өтеп жатыр. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
900 Қазақстан азаматы жазасын шетелде өтеп жатыр. Олардың басым бөлігі – Ресейде (шамамен 650 адам). Еліміздегі түрмелерде мыңға жуық шетелдік бар. Олардың көпшілігі – Өзбекстан азаматтары, - деді Ғалымжан Қойгелдиев Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, кейінгі бес жылда Қазақстанға 160 азамат, ал 190 шетелдік өз еліне қайтарылған.
Сондай-ақ биыл 9 айда шетелдегі түрмеде жазасын өтеп жатқан 24 қазақстандық елге қайтарылды.
Бас прокурордың орынбасары қазақстандық жастар шетелге барып, заң бұзатынын айтты.
Жастарымыз шетелге оңай ақша табамыз деп барып, келеңсіз жағдайға тап болып жатыр. Мұндай деректер өте көп. Әсіресе, есірткі тасымалдауға байланысты жағдайлар бар. Шетелде және елімізде есірткіге қарсы жаза өте ауыр, - деді ол.
Ғалымжан Қойгелдиев шетелде жазаны өтеу қиын екенін атап өтті.
Себебі, арада тілдік кедергі бар. Тіпті, қарапайым нәрсені сұрай алмайсың. Кейбір елдерде «мәжбүрлі еңбек» деген ұғым бар. Мысалы, түрмеде адам жұмыс істемесе, оған тамақ берілмейді. Сондықтан шетелде жүргенде абай болу керек, ондағы ережелерді сақтаңыз, - деді бас прокурордың орынбасары.