Halyq Uni логотип
×

Ұлытау облысында бірнеше қылмыстық топ ұсталды

Олардың бірі адам өлтіруге оқталған

 Қымбат Елтайқызы 02.10.2024 | 09:59

Ішкі істер министрлігі Ұлытау облысында қылмыстық топтарды құрықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.

ІІМ қала құраушы кәсіпорындардағы жедел жағдайды тұрақты түрде бақылайды және олардың қызметіне кедергі келтіретін адамдардың заңсыз әрекетінің жолын кесу бойынша шаралар қабылдайды. Соңғы айда Ұлытау облысында осындай бірнеше топ қолға түсті, деп мәлімдеді Polisia.kz.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, қымбат металл қорытпаларын ұрлауды жолға қойған қылмыстық топ әрекетінің жолын кесті. Топқа аталған кәсіпорынның қызметкерлері де кірген. Күдіктілер кәсіпорыннан 6,5 млн теңге өнімін ұрлау кезінде ұсталды. Қазіргі уақытта олардың басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, – деп қосты ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

Сондай-ақ, полиция 2022 жылғы наурызда жергілікті кәсіпкерден 20 млн теңге бопсалаған тағы бір топ мүшелерін құрықтады. Жәбірленушіні жалдамалы пәтерге алдап алып келіп, физикалық күш қолданып, қару-жарақпен қорқыту арқылы ақша талап еткен.

Сонымен қатар, 2018 жылы болған жергілікті тұрғынды өлтіруге оқталу әрекеті әшкереленді. Жергілікті криминалитеттен құралған қылмыстық топ анықталды. Оған қатысушылар қазіргі уақытта басқа қылмыстар жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр. Кісі өлтіруге оқталу әрекеті жасалған тапанша тәркіленді.

Көрсетілген фактілер бойынша барлығы 17 адам қолға түсіп, ішкі істер органдарына жеткізілді. 20-дан астам тінту шарасы өткізілді. Нәтижесінде 5 атыс қаруы, оқ-дәрілер, пышақтар және экстремистік сипаттағы діни әдебиеттер тәркіленді. Барлық факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Өңірлерде қылмыстық топтардың қызметіне жол бермеу жұмыстары жалғасып жатыр, – деп түйіндеді Қуандық Алпыс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама