×

АЭС бойынша референдумды бақылауға 30 елдің өкілі қатысады

Оның ішінде 4 елдің орталық сайлау комиссиясының төрағасы да бар

 Дәурен Ерболат 01.10.2024 | 15:55
Фото: Halyq Uni

6 қазанда Қазақстанда өтетін АЭС бойынша референдумды 30 мемлекет пен 4 халықаралық ұйымның байқаушылары бақылайды. Бұл туралы Орталық реферундум комссиясының хатшысы Мұхтар Ерман айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«3 қыркүйекте қабылданған қаулы негізінде аккредитация 2024 жылғы 30 қыркүйекте Астана уақыты бойынша сағат 18:00-де аяқталды. Осылайша, барлығы 177 байқаушы ресми тіркеуден өтті. Олардың арасында 30 шет мемлекеттің байқаушылары және 4 халықаралық ұйымның өкілдері бар», - деді Мұхтар Ерман.

Сыртқы істер министрлігі 5 ірі халықаралық ұйымға шақыру жолдаған.

17 қыркүйекте Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ОБСЕ) бас кеңсесінен алдағы айларда жоспарланған сайлауларға байланысты іс-шаралардың көптігін айта отырып, 6 қазанда референдум бойынша миссия жіберу мүмкіндігі жоқ деген жауап алдық. Қазір бақылауға қатысатын халықаралық ұйымдардың қатарында ТМД, ШЫҰ, Түркі мемлекеттерінің ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес бар. Жалпы референдумға 30 шет мемлекеттің өкілдері қатысады, - деді хатшы.

Олардың арасында 4 елдің орталық сайлау комиссиясының төрағалары (Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан және Өзбекстан) да бар.

Сондай-ақ Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко референдумда 37 мемлекеттен 200 шетелдік журналист хабар тарататынын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама