Киберполицейлер іске кірісті
Алматы облысының киберполицейлері 170-тен астам интернет-сайтты бұғаттады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламасы шеңберінде Алматы облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы жыл басынан бері айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында түрлі сипаттағы 46 қылмыстық іске қатысы бар 74 күдікті анықталды. Жұмыс қорытындысы бойынша 117 қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданды.
Операция барысында ақшаның заңсыз айналымымен айналысқан 62 тұлға ұсталды. Киберкеңістіктің тұрақты мониторингі нәтижесінде алаяқтық әрекеттер жүзеге асырылған 177 жалған интернет-сайтты бұғаттауға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, киберқылмысқа күдікті 56 адамның шоттары жабылып, зардап шеккендерге 36 млн 462 мың теңге сомадағы қаражат қайтарылды, – деп түйіндеді Алматы облысы ПД КПБ бастығының орынбасары Нұржан Кеңесханұлы.
Криминалдық полиция басқармасы интернет-алаяқтық саласындағы қылмыстардың алдын алу және ашу бойынша белсенді жұмысын жалғастырып жатыр. Облыс тұрғындары мен қонақтарына онлайн-сатып алулар әрі қаржылық операцияларды жүзеге асыру кезінде қырағылық танытуға, ал күдік туындаған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береді.