×

Референдум, қымбат билет пен коллекторлар үшін жаңа ереже: қазанда Қазақстанда не өзгереді

Қазақстандықтар үш жаңа кәсіби мерекені атап өтеді

 Халық үні 01.10.2024 | 10:39
Коллаж: Halyq Uni

Қазанда борышкерлермен жұмыс істейтін коллекторлардың жұмысына өзгеріс әкелетін ереже күшіне енеді. Сондай-ақ қазақстандықтар үш бірдей жаңа кәсіби мерекені атап өтеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бүгін, 1 қазаннан бастап Қазақстанда пойыз билеттерінің бағасы 20%-ға көтерілді. Көлік министрлігінің мәліметінше, елімізде 140 жолаушыларды тасымалдау бағыты бар. Келесі айда соның 62-сінің тарифі көтеріледі. Билет құнын арттыру вагондар паркін жаңарту, көрсетілетін қызметтер сервисін жақсарту және қызметкерлердің жалақысын арттыру үшін қажет. Соңғы 10 жылда әлеуметтік маңызы бағыттар бойынша билет құны қымбаттамағанын (инфляция деңгейіне индекстеуді қоспағанда) ескеру маңызды.

Айта кетейік, Қазақстанда 2 667 жолаушылар вагоны бар. Олардың 44%-ы тозған.

Сондай-ақ бүгіннен бастап коллекторлар жаңа ережеге сәйкес жұмыс істейтін болады. Атап айтқанда, Қазақстанда жеке тұлғалардың берешектерін коллекторлық агенттіктердің реттеу қағидалары күшіне енді. Жаңа ережеге сәйкес, коллекторлар борышкермен берешекті өтеу шарттарын биылғы жылдың 1 қазанына дейін сатып алынған берешек бойынша 20 күн ішінде, ал жаңа берешек бойынша (2026 жылғы 1 мамырдан кейін) банктік қарыз немесе микрокредит шарты бойынша құқықтарды алған сәттен бастап 30 күн ішінде реттеуге міндетті болады.

Бұдан былай борышкер хабарламаны алғаннан кейін кез келген уақытта міндеттемелерді орындамау себебін, сондай-ақ берешекті реттеудің өз нұсқаларын көрсете отырып, коллекторлық агенттікке тиісті өтінішпен жүгінуге құқылы. Өтінішке міндетті түрде кірісінің төмендегенін және өз міндеттемелерін орындай алмайтындығын куәландыратын растайтын құжаттар қоса берілуі керек.

Егер борышкер толық емес мәліметтер мен құжаттарды ұсынса, онда коллекторлық агенттік 10 жұмыс күні ішінде борышкердің оларды беру мерзімін көрсете отырып,5 жұмыс күні ішінде қосымша мәліметтерді сұратады. Құжаттарды белгіленген мерзімде ұсынбау борышкердің өтінішін қараусыз қалдыру үшін негіз бола алады.

Құжаттардың толық топтамасын ұсынғаннан кейін коллекторлық агенттік өтінішті 15 күнтізбелік күн ішінде қарайды және қарыз алушы ұсынған  міндеттемені орындау шарттарының өзгерістерімен келісетіні, міндеттемені орындау шарттарын өзгерту бойынша қарсы ұсыныс не себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, міндеттемені орындау шарттарын өзгертуден бас тарту туралы жауап беретін болады.

Бұл айдағы басты жаңалық – АЭС құрылысы бойынша өтетін референдум болмақ. 6 қазанда республикалық референдум өтеді, қазақстандықтар елде АЭС салынатынын немесе салынбайтынын өз дауыстарын беру арқылы анықтайды. Орталық реферудум комиссиясы аталған референдумның бюллетенін көрсетті.  Орталық сайлау комиссиясы мәліметінше, барлық сайлау учаскесінің саны – 10 327. Азаматтардың тіркелген жері бойынша сайлау учаскесі – 9 709, уақытша – 618. Оның ішінде 78 сайлау учаскесі (63 елде) шетелде болады. Сайлау комиссиялары мүшелерінің саны – 70 049 адам. Қазақстандықтар дауыс беру және өз учаскесін туралы ақпаратты referendum.gov.kz сайтында тексере алады.

Сонымен қатар, қазанда үш жаңа кәсіби мереке белгіненген: биылдан бастап 1 қазан - Қазақстанның жоғары білім беру қызметкерлері күні және Радио күні, 14 қазан - Стандарттау қызметкерлері күні. Бұдан бөлек 1 қазан - Қарттар күні, 5 қазан - Ұстаздар күні екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ 25 қазанда қазақстандықтар Республика күнін атап өтеді, ол биыл жұма күніне сәйкес келеді. Осылайша, қазақстандықтар бес күндік жұмыс аптасында – 25, 26, 27 қазанда демалады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама