×

Ақмола облысы әкімдігі кезекте тұрғандар үшін 840 пәтер сатып алады

Өңірде жарты жылда 237 шаршы метр тұрғын үй салынған

 Айгерім Таубай 30.09.2024 | 17:03
Фото: Halyq Uni

Ақмола облысында 2024 жылдың алты айында 237 469 шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл туралы облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Салыстырмалы түрде алып қарасақ, облыста 2022 жылы 631 186 шаршы метр тұрғын үй салынған. Ал бір жылдан кейін 658 446 шаршы метр тұрғын үй салынған.

2023 жылы Ақмола облысы әкімдігі жекешелендіру құқұғынсыз жалға берілетін 251 тұрғын үй сатып алған. Ал биыл 164 тұрғын үй сатып алынған. Оның ішінде жекешелендіру құқұғынсыз жалға берілетін 154 тұрғын үй және жекешелендіру құқұғымен жалға берілетін 10 тұрғын үй бар, - деп мәлімдеді облыс әкімдігі.

Сондай-ақ биыл әкімдікте кезекте тұрғандар үшін 840 тұрғын үй сатып алу жоспарланған. Оның ішінде жекешелендіру құқұғынсыз жалға берілетін 199 тұрғын үй және жекешелендіру құқұғымен жалға берілетін 641 тұрғын үй бар.

Айта кетейік, әкімдік сатып алатын үйлер Көкшетау және Қосша қаласында, Ақкөл, Астрахан, Атбасар, Бурабай, Жарқайың, Зеренді, Қорғалжын, Сандықтау аудандарында орналасқан.

Сондай-ақ биыл «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Ақмола облысында алдымен өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға арналған ипотека бағдарламасын бастау жоспарланғанын айтты. Ал «Ақмола жастар» бағдарламасы 2025 жылы басталуы мүмкін.

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Ал Шығыс Қазақстан облысында 2022 жылы 320,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бір жылдан кейін бұл көрсектіш өскен – 352,2 мың шаршы метр. Ал биыл жарты жылда 141,6 мың шаршы метр баспана салынды.

Облыста 2023 жылы сатып алу құқығынсыз азаматтарға жалға берілетін 315 баспана сатып алынды. 2024 жылы республикалық қаражат есебінен сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 156 баспана және мемлекеттік құнды қағаздар шығару арқылы сатып алу құқығымен жалға берілетін 613 баспана сатып алу жоспарланған, - деп хабарлады облыс әкімдігі.

Әкімдік ұсынған 25 қыркүйектегі жағдай бойынша сатып алу құқығымен 226 баспана сатып алынған.

Жергілікті атқарушы органнан мемлекет қаражатына сатып алынған үйлердің қай ауданда орналасатынын да нақтыладық. Әкімдіктің хабарлауынша, олар Алтай, Глубокий, Зайсан, Самар, Катон-Қарағай, Үлкен Нарын, Күршім, Марқакөл, Тарбағатай, Ұлан аудандарында орналасқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама