×

Биыл Қарағанды облысы әкімдігі жалға беру үшін небәрі 3 пәтер сатып алған

Алайда әкімдік жыл соңына дейін сатып алу құқығынсыз жалға беру үшін 261 пәтер алуды жоспарлап отыр

 Айгерім Таубай 30.09.2024 | 13:25
Фото: Halyq Uni

Ел бойынша әкімдіктер тұрғын үй сатып алып, жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға беретіні белгілі. Соған байланысты Halyq Uni өңірлерге ресми сауал жолдап, өңірдегі тұрғын үй құрылысы қарқыны мен жергілікті атқарушы органдардың кейінгі жылдары қанша баспана сатып алғанын білді.

Сауалымызға алғашқылардың бірі болып Ұлытау облысы әкімдігі жауап берді. Өңірдің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының хабарлауынша, облыста 2022 жылы 57,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Мамандар бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 70,4 % орындалғанын айтады. Себебі 2021 жылдың қорытындысы бойынша 81,1 мың шаршы метр тұрғын үй салынған.

Ал 2023 жылы 82,7 мың шаршы метр пәтер берілген. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 131,6% жоғары. Облыс басқармасынан 2024 жылғы көрсеткішті де нақтыладық. Бірінші жартыжылдықта өңірде 30,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Тұрғындарға жалға берілетін тұрғын үйге келсек, 2023 жылы облыс бойынша республикалық бюджет есебінен 854,4 миллион теңгеге 89 жалға берілетін пәтер сатып алынған. Осылайша Жаңаарқа ауданында 25 пәтер, Жезқазған қаласында 34 пәтер, Сәтбаев қаласында 30 пәтер тұрмысы төмен азаматтарға жалға берілген.

2024 жылы бұл көрсеткіш біршама өскен. Әкімдіктің хабарлауынша, биылға бекітілген республикалық бюджет есебінен 748,8 млн теңге және «Самұрық-Қазына» АҚ облигацияларын шығару есебінен 190 пәтер сатып алуға 3,1 млрд теңге қаражат бөлінген.

Биыл жалпы 243 пәтер сатып алу жоспарда бар, оның ішінде: сатып алу құқығынсыз 53 пәтер, сатып алу құқығымен 190 пәтер алынады. Жезқазған қаласынан 12 пәтер, Сәтбаев қаласынан 9 пәтер, Қаражалдан 110 пәтер, Жаңаарқа ауданынан 80 пәтер, Ұлытаудан 32 пәтер сатып алынады, - деп жауап берді Ұлытау облысы әкімдігі.

Ал Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мәліметінше, өңірде 2022 жылы жалпы 594,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 2023 жылы – 422,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2024 жылдың алты айында 266,3 мың шаршы метр тұрғын үй салынды.

2023 жылы «халықтың әлеуметтік осал топтары» санатындағы кезекте тұрғандар үшін сатып алу құқығынсыз 347 жалға берілетін пәтер сатып алынды. 2024 жылы сатып алу құқығынсыз 261 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Биыл 8 айда 3 пәтер сатып алынды, - деп хабарлады облыс әкімдігі.

Осылайша жалпы алғанда Қарағандыда – 149 пәтер, Балқашта – 16, Теміртау қаласында – 26, Саран қаласында – 8, Приозерск қаласында – 3, Шахтинск қаласында – 10, Абай ауданында – 13, Ақтоғай ауданында – 3, Бұқар жырау ауданында – 10 пәтер, Нұрада – 3, Қарқаралыда – 5, Осакаровта – 10 пәтер, Шет ауданында 34 пәтер тұрғындарға жалға беріліп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама