Қазақстандық оқушылар чемпион атағын қорғап қалды
Жарысқа 190 ел қатысты
Грекияда робототехникадан өткен First Global Challenge чемпионатында қазақстандық оқушылар 3 рет жеңімпаз атағын қорғап қалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қазақстан құрамасы үшінші жыл қатарынан робототехникадан әлем чемпионы атанды. Команда құрамында Ердәулет Түргенбаев, Әлфия Байжақып, Нұржан Көкеев, Досжан Дайран және Қадылбек Дастан болды. Олар Алматыдағы Орымбек Жәутіков атындағы физика-математика мектебінде, Назарбаев мектебінде оқиды.
Жаттықтырушылар – Нұрдәулет Досмағамбет пен Дулат Байтуленов.
Оқушылар Grand Challenge Award номинациясы бойынша алтын медаль алып, рекордтық ұпайға қол жеткізді.
Біз жарыста топ жарып, жүлде қоржынын алтын медальмен толықтырдық. Әлемнің бірде бір елі 2 дүркін чемпион бола алмады, ал біздің балаларымыз үшінші жыл қатарынан жеңіс тұғырынан көрінді. Команда құрамы осы жылдарда қайталанған емес. Еліміздің намысын қорғауға әр жарысқа үнемі жаңа ойыншы аттанып отырады. Олар сайыстың ұлттық кезеңінде іріктеледі, - дейді құраманың жаттықтырушысы Асылбек Мұрзахметов.
Бұған дейін Қазақстан 2022 жылы Женевада, 2023 жылы Сингапурде жеңіске жеткен еді.
Айта кетейік, First Global Challenge – робототехникадан халықаралық деңгейдегі чемпионат. Жыл сайын ол түрлі елде өтеді.