Halyq Uni логотип
×

Ақмола облысында көпбалалы ана 4 сағатқа сұранғаны үшін жұмыстан шығарылған

Сот оны жұмысқа қайта алдыртып, басшысынан өтемақы өндіріп берді

 Халық үні 29.09.2024 | 22:07
Ақмола облысында көпбалалы ана 4 сағатқа сұранғаны үшін жұмыстан шығарылған
фото: Halyq Uni

Ақмола облысында 4 сағатқа сұранып, орнына әріптесін қалдырған көпбалалы ана жұмыстан шығарылған. Әйел сотқа жүгініп, бастығынан 900 мың теңгеге жуық өтемақы алып, жұмыс орнында қалатын болды, деп хабарлайды Halyq Uni Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы көпбалалы ананы жұмыстан босату, жұмысқа қайта қабылдау бойынша азаматтық істі қарады.

Айта кетсек, көпбалалы ана 2023 жылдың қыркүйегінен бастап дүкенде аға кассир болып жұмыс істеген. 2024 жылдың 4 наурызында ол директордан сұранып, орнына әріптесін қалдырып, 4 сағат бойы жұмыс орнында болмаған.

Бірақ дүкен директоры А.-ның жұмыста болмағаны туралы акт жасап, түсініктеме сұрап, оны жұмыстан босату туралы бұйрық шығарды. Сот А.-ны жұмыстан шығаруды мына негіздер бойынша заңсыз деп таныды: А. жұмыс орнында дәлелді себептермен болмаған. Басшылықтың рұқсатымен оның орнына әріптесі ауыстырылған. Жұмыстан босату түріндегі тәртіптік жазаға негіз жоқ. Куәгерлер, дүкен қызметкерлері А.-ның дүкен директорынан сұранғанын растады. Бұйрықта жұмыстан босатудың негізі көрсетілмеген. Тек Еңбек кодексінің 49-бабы 3-тармақшасына сілтеме жасалған жалпы сипаты бар, - делінген Ақмола облыстық соты баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сот көпбалалы әйелдің талабын қанағаттандырып, жұмыстан шығару туралы бұйрықты жарамсыз деп таныды. Әйел дүкеннің аға кассирі болып орнында қалды.

А.-ның пайдасына ЖШС-дан мәжбүрлі жұмыстан негізсіз шығарғаны үшін 895 520 теңге көлемінде ақы өндірілсін. Алқа қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Жұмысқа қайта оралу және жалақы төлеу туралы шешім дереу орындалсын, - делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама