Үш ұл қарсыласып, жылаған қызды таспен ұрған
Қостанай облысында 8, 12 және 13 жастағы балалар зорлаған 5 жасар қыздың анасының үстінен қылмыстық іс қозғалғалы жатыр. Оған желіде қызына қастандық жасағандар туралы ақпаратты айтқаны үшін айып тағылмақ, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оқиға туралы қыздың анасы «Не молчи» қорына айтып берген. Дерекке сүйенсек, 6 шілдеде әйел 5 жасар қызына жаңа велосипед алып беріп, қуантпақ болған. Ойнап жүрген қызын біраз іздеп таба алмаған. Кейін қызы алба-жұлба киіммен, қолындағы бір қап ойыншықтармен өзі үйге қарай келген.
Анасы қатты қорққанынан қызына ұрысқан. Қазір сол әрекетіне қатты өкінеді. Себебі ол кезде қыздың да жағдайы нашар болған. Ол ештеңе айтпаған және тұйықталып қалған. Кейін біраз күннен соң ғана болған жайтты атасына айтып берген. Анықталғандай, үш бала бүлдіршінді қамыс арасына әкетіп, екеуі ұстап тұрып, қыздың жыныс мүшелерін ұстаған. Қарсыласып, жылағанда таспен ұрған. Үш ұл да қызға зорлық көрсеткен. Кейін ешкімге айтпауы үшін бір қап ойыншық берген, – делінген жазбада.
Астана адвокаттар алқасының адвокаты Илья Лунев Instagram-дағы парақшасына бұл оқиғаның күтпеген жалғасы болғанын жазды.
14 жасқа дейінгі балалар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтыны белгілі. Сәйкесінше қылмыс жасағандар ешқандай жазаға тартылмады. Мұны жақсы түсінсе де тергеушілер әлі де шексіз сараптамалар жасап, жауап алып жатыр. Жәбірленуші қыздың жанын одан әрі жаралауда. Енді 5 жасар жәбірленушінің анасының үстінен чаттардың бірінде ұлдардың есімдерін атағаны үшін қылмыстық іс қозғағысы келеді, - дейді заңгер.
Лунев Қылмыстық кодекстің 423-бабы "сотқа дейінгі іс жүргізу немесе жабық сот талқылауы туралы мәліметтерді жария ету" туралы айтып отырғанын түсіндірді. Қыздың анасы екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.