×

Өскемен қаласының әкімі Бекболат Тілеухан және Қайрат Сатыбалдымен туыстығы туралы айтты

Өскемен қаласының әкімі Бекболат Тілеухан және Қайрат Сатыбалдымен туыстығы туралы айтты

 Халық үні 12.06.2022 | 17:53
Фото: ашық дереккөздерден

 Жақсылық Омар экс-депутат Бекболат Тілеухан және белгілі кәсіпкер Қайрат Сатыбалдымен туыстық қатынасын жоққа шығарды.

Екеуімен де туыс емеспін. Әйелімнің шешесі жағынан Бекболат Тілеуханмен алыс туыс секілді. Екеуі де Қарағанды облысының бір ауылынан. Бірақ араласқан емеспіз, – деді әкім Хабар24 тілшісіне берген сұхбтында.

Оның айтуынша, желіде тараған Бекболат Тілеухан және Қайрат Сатыбалдымен бірге түскен суреті фотошоп болуы мүмкін. Өйткені олармен ешқандай жиында кездеспеген. Бірақ Бекболат Тілеуханмен бір рет суретке түскен екен.

Бұған дейін қала тұрғындары проблемалы жерлерге (әсіресе шұрқ тесік жолдарға) шаһар басшысы Жақсылық Омардың фотосын іліп, «Лучшая поправка, Омара отставка» деген сөзді ұран қылған. Тұрғындар мұндай челленжді биліктің назарын облыс орталығындағы проблемаға аударту мақсатында ұйымдастырған. Бұл туралы қоғам белсендісі, Q-Adam қоғамдық қорының жетекшісі Насима Қорғанбекова жазған еді.

Ақпан айының басында Өскемен әкімі Жақсылық Омардың отставкасын талап еткен тұрғындар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына петиция жолдап, қазіргі әкімнің қала азаматтарының өмірін жақсарту үшін ешқандай жұмыс атқармаған жазды. Сондай-ақ петицияда Жақсылық Омардың қала сыртындағы аудандардың мәселесін көзге ілмейтіні, қоғам пікірімен санаспайтыны да жазылған.

Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі болып 2018 жылдың 20 тамызында тағайындалды. Ол 2013 жылдың мамырынан 2016 жылдың қарашасына дейін ШҚО әкімінің орынбасары, ал 2016-2018 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Еске салайық, 2021 жылы коронавирус пандемиясы өршіп тұрған кезде Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мен Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова карантин режимін бұзғаны үшін айыппұл төледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама